ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен алқа мәжілісіне қатысушылар ішкі және сыртқы сауданы дамыту, өнеркәсіп кооперациясы және логистика, Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру, цифрландыру және шикізаттық емес экспортты дамыту мәселелерін қарады.
Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа ерекше назар аударды.
«Халық үшін бұл жұмыстардың маңызы өте зор және ол Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Баға белгілеуге көптеген факторлар әсер етеді, сондықтан делдалдық әрекеттерді анықтап, рұқсат етілген сауда үстемесінің сақталуына мониторинг жүргізу және бағаның негізсіз көтерілу фактілеріне қарсы шараларды күшейту қажет», — деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Премьер-Министр сауда алаңдарын одан әрі жаңғыртудың, заманауи форматтарды енгізудің және жаңа функционалды көкөніс қоймаларын салудың маңызды екенін атап өтті.
«Осы саладағы стандарттарды арттыруға ұмтылуымыз керек, өйткені бұл бағаны ұстап тұруға және адал кәсіпкерлердің табысын арттыруға ықпал етеді. Бұл бағытта жұмыс істейтін боламыз», — деді Әлихан Смайылов.