12.01.2023 _ 11:10

23 қаңтарда ІІМ шетелдік автомобильдерді заңдастыруды бастайды

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Мемлекет басшысының шетелдік автомобильдерді заңдастыру және жолдарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді.

Министрдің орынбасары Мемлекет басшысы елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген және ҚР заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автомобильдерді біржолғы заңдастыруды өткізу туралы жариялағанын еске салды. Осы тапсырманы орындау мақсатында қажетті заңнамалық өзгерістер енгізілді.


Сондай-ақ оның атап өтуінше, биыл 11 қаңтарда Үкімет Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркеу үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекітті. 


«Ережелер алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, яғни ережелер бүгін жарияланғанын ескерсек, 2023 жылдың 23 қаңтарында (дүйсенбіде) күшіне енеді және сол күннен бастап біз шетелдік автомобильдерді заңдастыруды бастаймыз», - деді Игорь Лепеха.