12.01.2023 _ 18:19

«Масс-медиа туралы» Заң жобасының тұжырымдамасы талқыланды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі онлайн форматта «Масс-медиа туралы» заң жобасының тұжырымдамасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының отырысын өткізді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Онлайн отырысқа арнайы жұмыс тобының 35-тен астам мүшесі - мерзімді баспасөз, телеарналар, электрондық БАҚ, телерадио хабарларын тарату операторлары және саланың ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Талқылауға ҚР АҚДМ БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Жасұлан Өміралиев модераторлық етті.

Сонымен қатар жиын барысында журналист, фрилансер Халима Тәжікұл, «TV COMMERCE» ЖШС Заң департаментінің басшысы Ольга Пхенько, Құқықтық медиа орталығы өкілдері Гүлмира Біржанова, Диана Медведникова, Қазақстандағы «Internews Network» халықаралық ұйымы өкілдігінің заңгері Ольга Диденко, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова және «Алматы Телекоммуникейшнс Қазақстан» АҚ бөлім басшысы Рауан Гаипов сөз сөйледі.

Жұмыс тобының мүшелері талап қою мерзімін белгілеу, журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтірмеу жөніндегі норманы пысықтау, өзін-өзі реттеу мен телерадио хабарларын таратудың кейбір мәселелері туралы атап өтті.

Қорытындыда заң жобасын егжей-тегжейлі талқылау үшін арнайы жұмыс тобын тақырыптық топтарға бөлу туралы шешім қабылданды.

Алдағы аптада аталған топтардың бірқатар отырыстары жоспарланып отыр.