Бірінші кезекте Үкімет басшысы инновациялық технологияларды қолдана отырып, жеміс-жидектерді терең өңдейтін «Fruit Art» ЖШС экспорттық кластеріне барды. Кәсіпорынның өнімі дамыған елдердің нарықтарына (тамақ өнеркәсібі және бөлшек сауда желілері), соның ішінде ЕО, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореяға жеткізіледі.
Сондай-ақ Премьер-Министр облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесіп, субсидиялау, айналым қаражатымен қамтамасыз ету, су және газ көздерін қолжетімді ету, жем-жөп, ветеринариялық препараттар, тұқымдар, тыңайтқыштар, пестицидтер, гербицидтер, ауыл шаруашылығы техникасы және т. б. сатып алу мәселелерін талқылады.
«Бұрын өнімділікке тікелей әсер ететін субсидияларды ғана қалдыру үшін субсидиялау жүйесін өзгерту жоспарда болған. Бірақ фермерлермен кеңескеннен кейін біз қолданыстағы кейбір субсидиялау стандарттарын сақтап қалу туралы ортақ келісімге келдік. Өз тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер азаматтарды қолжетімді бағада сапалы өніммен қамтамасыз етуге тиіс», — деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов алдағы жылдары Үкімет шаруаларға қажетті су көлемін жеткізіп беру үшін каналдар мен гидронысандарды салуға және жаңғыртуға қосымша қаражат бөлетінін айтты.
Одан кейін Премьер-Министр 2022 жылы іске қосылған және жылына 15 мыңға дейін өнім шығаратын «Nauryz Agro KZ» ЖШС бройлерлік құс фабрикасының жұмысымен танысты. Барлық әлемдік стандарттарға сәйкес келетін кәсіпорынның өз инкубаторы бар және қазіргі уақытта ет өңдеу цехының құрылысы жүріп жатыр.
Әлихан Смайылов құс фабрикасының өңір экономикасы үшін ғана емес, ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін де маңызды зор екенін айтты.
«Азық-түлік қауіпсіздігі – бүгінгі күннің басты сын-қатерлерінің бірі. Облыс әкімдігі өз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін және агроөнеркәсіп кешеніндегі жұмыспен қамту деңгейін арттыру үшін осындай жобаларға қолдау көрсетуі қажет», — деді Премьер-Министр.
«Бүгінгі таңда өнімнің 70%-дан астамы экспортқа жіберіледі, бұл өңірдегі тамақ өнеркәсібін дамыту әлеуеті қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Осыған байланысты жергілікті билік жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және оларды кеңейту мәселелері бойынша жәрдемдесуі қажет», — деді Премьер-Министр.