Осыған дейін жұмыс істеген Конституциялық Кеңес пен жаңадан құрылған Конституциялық Соттың айырмашылығы неде?
«Жаңадан құрылған Конституциялық Сотқа азаматтардың тікелей жүгіну құқығы қарастырылған. Бұған дейін жұмыс істеген Конституциялық кеңесте 27 жыл ішінде азаматтарда мұндай мүмкіндік болған жоқ. Олар өздерінің конституциялық құқықтарын қозғайтын, оған нұқсан келтіретін заңдарды, өзге де нормативтік құқықтық актілерді басқа субъектілер арқылы ғана даулай алды. Атап айтсақ, сот органдары арқылы қандай да бір азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, басқа да істі қарау барысында, егер азамат қолданыстағы заң өз құқықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, судьяға өтініш білдіруге мәжбүр болды. Оның өтініші қанағаттандырыла ма, қанағатандырылмай ма, оны толығымен судья шешетін болған. Сондықтан осы жылдар ішінде Конституциялық кеңеске бар-жоғы соттан 78 ғана ұсыныс келіп түсті. Бұл айтарлықтай жоғары көрсеткіш емес», - деді Бақыт Нұрмұханов.
Конституциялық Сот қандай өкілеттіктерге ие?
«Конституциялық Сот Конституциялық кеңестің бүкіл өкілеттіктерін алды. Бұл – Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру; Парламент қабылдаған заңдардың Президент қол қойғанға дейін Ата заңның талаптарына сәйкестігін тексеру; халықаралық шарттарды ратификацияланғанға дейін Конституцияға сәйкестігін тексеру; Парламент пен оның палаталарының қаулыларының Конституцияға сәйкестігін тексеру; соттардың, азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін заңдардың конституциялығын тексеру туралы ұсыныстарын қарау; дау туындаған жағдайда Президент сайлауының және Парламент депутаттарының сайлауының дұрыстығын қарау. Сонымен қатар биыл Конституциялық Сотқа жүгінетін субъектілердің қатары толығып, оларға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокурор және азаматтар қосылды. Енді күшіне енген заңдарды Конституциялық Сотта – Бас прокурор, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және азаматтар қосылды», - деді ҚС төрағасының орынбасары.
Конституциялық Сот институты сот органдарына жата ма?
«Қазақстанда халықаралық тәжірибені ескере отырып, Конституциялық Сот жеке сот жүйесіне кірмейтін тәуелсіз мемлекеттік орган болады деген модель ұсынылды және ол қабылданды. Сондықтан қазір жалпы сот юрисдикцияларының жүйесіне Конституциялық Сот кірмейді, олардың шешімдерін қарастырмайды, бұл дербес мемлекеттік орган болып табылады», - деді спикер.
Осы құқықтық институтты құру кезінде әлемнің қай елдерінің тәжірибесі зерделенді?
«Конституциялық бақылау деген ұғым 1803 жылы Америка Құрама Штаттарында пайда болды. АҚШ-тың Жоғарғы соты тарихта алғаш рет заңды АҚШ-тың Конституциясына қайшы деген шешім шығарды. Одан кейін бұл тәжірибе бүкіл әлемге таралды. 1920 жылы Австрияда алғашқы Конституциялық Сот құрылды. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін бұл тәжірибе Шығыс Еуропа елдеріне, ТМД кеңістігіне, Африка және т.б. құрлықтарға тарады. Сондықтан үлкен әлеует, халықаралық тәжірибе бар, соның бәрі терең зерделенді. Конституциялық Соттың құқықтық негіздерін қалыптастыру барысында 1992-95 жылдары жұмыс істеген Конституциялық Соттың тәжірибесі, 27 жыл жұмыс істеген Конституциялық Кеңестің тәжірибесі де қоса зерделенді», - деді Бақыт Нұрмұханов.
Конституциялық Сот өз жұмысын бастағалы бері азаматтар қандай өтініштермен жүгінді?
«Конституциялық Сот өз қызметін бастағалы бері 350-ге жуық азаматтан өтініш келіп түсті. Талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, бұл өтініштерде көтерілген мәселелер түрлі салаларға қатысты. Азаматтардың басым көпшілігі жалпы юрисдикциялы соттардың шешімдерімен келіспейді. Азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер бойынша, сондай-ақ бас бостандығынан айыру мекемелерінде отырған азаматтардың өтініштері көп. Олар үкіммен, қолданылған жазаның түрімен, оның мөлшерімен келіспейді, мерзімінен бұрын босатудан бас тартқан соттардың шешімдерін даулайды. Тағы да қайталап айтқым келеді, Конституциялық Сот, сот жүйесіне кірмегендіктен соттардың шешімдеріне баға бермейді және оларды қайта қарамайды. Сондықтан өтініштерге сол мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады спикер.
Азаматтардың Конституциялық Сотқа өтініш жасауы бойынша қандай рәсімдер мен ережелер бар?
«Азматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну тәртібі мен шарттары «Конституциялық Сот туралы» Заңның 45-бабында нақты көрсетілген. Оған сәйкес, Конституциялық Соттың қарайтын негізгі мәселесі – ол заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің Конституция талаптарына сәйкестігі. Оның шарттары мынадай: 1. Дауланып отырған заң және басқа да нормативтік акті адамның Конституцияда көзделген құқықтарын тікелей қозғауы қажет; 2. Заңды қолдана отырып, сотпен нақты бір шешім қабылдануы тиіс; 3. Сот шешімі күшіне енуі керек; 4. Соңғы шарты – сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бір жыл өтпей Конституциялық Сотқа жолдануы тиіс. Бұл шарттарда кейбір ерекшеліктер бар. Егер Заңның нормасы кесімді болса, ол норманы түсіндіруде түрлі нұсқаларға жол берілмесе, азаматтың нақты қандай іс-әрекеттер жасайтынын тікелей көрсетсе, онда азамат сот органдарына жүгінбей-ақ, бірден Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Қазіргі келіп түскен шағымдарда азаматтар бірінші, екінші, үшінші сатыдағы сот шешімдерінің қайта қаралуын, олардың заңдылығына баға беріп, қолданылған қылмыстық жазаның мөлшерін азайтуды және басқа да шешім қабылдауды сұрайды. Бұндай мәселелерді шешу Конституциялық Соттың құзырына кірмейді. Конституциялық Сот сот шешімдерін қабылдау кезінде қолданылған заңнын дұрыстығын қарайды. Сондықтан азаматтың шағымында көрсетілген келіспеушіліктері тікелей заңға қатысты болуы керек. Егер заңның конституциялық талаптарға сәйкес келмейтіндігін Конституциялық Сот анықтайтын болса, кейіннен сол заңнын негізінде қабылданған сот шешімдері белгіленген тәртіппен қайта қаралатын болады. Ол қайта қарауды жалпы юрисдикциялы соттар жүзеге асырады», - деді Бақыт Нұрмұханов.
Конституциялық іс жүргізу деген не және оның қатысушылары кімдер?
«Конституциялық іс жүргізу дегеніміз – Конституциялық Сотқа келіп түскен өтініштерді қарау процесі. Конституциялық Сотқа өтініш беру субъектілеріне Президент, Парламент палаталарының төрағалары, Премьер-Министр, Парламент депутаттарының кемінде 1/5 бөлігі, соттар, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокурор және азаматтар жатады. Конституциялық заңнын 44-бабында өтініштерге қойылатын талаптар белгіленген. Өтініштер міндетті түрде жазбаша немесе электрондық нысанда берілуі тиіс. Жалпы қазақстандық Конституциялық Сот шет елдердің тәжірибесін ескере отырып, қабылданған тәртіпке сәйкес, жазбаша өтініштің негізінде жұмыс жасайды. Өтініш қойылатын талаптарға сай болса, оны Конституциялық Сот аппараты тіркейді, әрі қарай ол өтініштер Конституциялық Сот судьяларының қарауына беріледі. Конституциялық Сот өтініш бойынша конституциялық іс жүргізуді қозғайды, оны өндірісіне қабылдайды. Өндіріске қабылданғаннан кейін Конституциялық Соттың бір немесе бірнеше судьясы сол өтініш бойынша баяндамашы болып тағайындалады. Баяндамашы ретінде ол судьялар өтініш бойынша дайындық жұмысын жүргізеді, яғни олар заңдарды құқық қолдану тәжірибесін, заң ғылымын, шетелдік тәжірибені, халықаралық шарттарды, барлық тақырыпқа байланысты материалдарды жинап зерделейді. Одан соң Конституциялық Сот шешімінің жобасын әзірлейді. Кейіннен ол өтініш Конституциялық Соттың отырысына шығарылады, ол отырыс тыңдаулар өткізу немесе тыңдаулар өткізбей де өткізілуі мүмкін. Егер тыңдаулар отырысы ұйымдастырылған жағдайда, оған өтініш беруші сол мәселеге қатысы бар барлық мемлекеттік органдар мен сарапшыларды шақырады. Әрқайсысына кезекпен сөз беріліп, соңынан Конституциялық Сот барлық мән-жайды анықтағаннан кейін қорытынды шешімді қабылдау үшін кеңесу бөлмесінде талқыланады», - деді спикер.
Қандай жағдайларда Конституциялық Сот азаматтардың өтініштерін қараудан бас тартады?
«Қазіргі кезде Конституциялық Сотқа келіп түскен өтініштерді алдын ала қарауды Конституциялық Сот аппараты жүзеге асырады. Конституциялық заңға сәйкес, аппараттың міндеті – келіп түскен өтініштерге, оның нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптардың сақталуын тексеру, яғни бұл өтініште заңда белгіленген деректердің көрсетілуін анықтау. Ол жерде өтініш берушінің аты-жөні, оның қандай заңды, қандай бабын, қандай бөлігін даулап отырғаны, Ата заңда көрсетілген қандай конституциялық құқығына нұқсан келтіретіні, құқықтық ұстанымы көрсетілуі керек. Әрине, азаматтардан олардың өтініштерін жоғары құқықтық деңгейде жазу талап етілмейді. Бірақ Конституциялық Сот судьялары азаматтың қандай заңды, неге, қандай құқығына нұқсан келтіргеніне байланысты даулап отырғанын түсінуі қажет. Қазіргі келіп жатқан өтініштердің арасында кейбір азаматтар қысқа да нұсқа жазады: «Мынадай заң менің құқықтарыма нұқсан келтіреді» дейді. Бұл заңның қандай нормасы қандай құқығына нұқсан келтіреді? Оның ішінде жүздеген бап бар. Нақты қандай бабы? Қандай бөлігі? Оны ашып, толық жазбайды. Сондықтан ол азаматтарға түсіндіріп, өтінішін аздап толықтырып, сұранысын нақтылауды сұраймыз», - деді Бақыт Нұрмұханов.
Азаматтың өтініші бойынша Конституциялық Соттың қорытынды шешімі қандай нысанда жүзеге асырылады? Азаматтар ол туралы қалай біледі?
«Азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесі бойынша Конституциялық Сот нормативтік қаулы қабылдайды. Ол нормативтік қаулының 3 түрі бар: 1. Дауланып отырған нормативтік құқықтық актіні Конституция талаптарына сәйкес деп тану туралы; 2. Конституциялық талаптарға сәйкес еместігі туралы; 3. Құқық қолдану органдары заңға дұрыс түсініктеме бермей, тиісінше, ол дұрыс қолданылмаса, конституциялық тұрғыдан заңның мазмұнына түсіндірме бере отырып, сол анықталған мағынада оның конституциялық талаптарға сәйкес болатыны туралы шешім қабылдайды», - деп хабарлады ҚС төрағасының орынбасары.