20.01.2023 _ 11:20

Әкімдіктер «Отбасы банкімен» бірлесіп 35 жасты қоса алғанда, азаматтар қатыса алатын жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламаларын әзірлей алады

«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң шеңберінде «жастар» ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтуға бағытталған түзету енгізілді. Яғни, жастар саясатын іске асыруды қамту 3.7 млн адамнан 6 млн адамға дейін көбейіп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров хабарлады.

Оның айтуныша, жергілікті атқарушы органдарға жастарға жеңілдікпен жалға берілетін тұрғын үй беру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және іске асыру бойынша жаңа құзырет беруге бағытталған түзетулер көзделген.


«Әкімдіктер «Отбасы банкімен» бірлесіп 35 жасты қоса алғанда, азаматтар қатыса алатын жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламаларын әзірлей алады. Сонымен қатар жастар саясатының негізгі бағыттарына қосымша жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру, жастар арасында волонтерлікті дамыту бағыттары қарастырылған. Бұдан басқа, NEET санатындағы жастар санын азайту мақсатында заң аясында осы бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыру бойынша салалық орталық мемлекеттік органдардың құзыреттерін толықтыру ұсынылады. Бұл іс-шаралар салалық ерекшелік аясында өткізіледі: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша өз қызметін жүзеге асыратын болады; Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі - жастар ресурстық орталықтары арқылы жастармен жұмыс атқаратын болса сонымен қатар сала аралық үйлестіру және ақпарат жағынан да бағыт-бағдар көрсететін болады», - деді вице-министр.