ҚАЗТЕСТ электрондық сертификатында алушының деректері, жинаған балы, жарамдылық мерзімі және QR-коды көрсетіледі, оны сканерлеу арқылы құжаттың түпнұсқалығын тексеруге болады.
«Бұған дейін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат қағаз түрінде ғана берілетін. Енді докторантураға түсушілер, «Болашақ» бағдарламасының үміткерлері және басқалары ҚАЗТЕСТ сертификаттарын электрондық форматта алатын болады. Алайда, жарамдылық мерзімі өтпеген қағаз нұсқадағы сертификаттардың жарамдылығы сақталады», - деп атап өтті ҰТО директоры Руслан Емелбаев.
Бұдан басқа, сертификаттық тестілеуге қатысуға өтініштер докторантураға түсушілерден, «Болашақ» бағдарламасының үміткерлерінен, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Президенттік жастар кадр резервіне кандидаттардан және басқа да тілек білдірген жеке тұлғалардан қабылданады.
ҚАЗТЕСТ тілдік құзыреттілік деңгейін бағалаудың халықаралық жүйелерінің қағидаттары мен талаптарына сәйкес қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі.