30.01.2023 _ 11:10

«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңда ерекше жағдайлар қарастырылған

2022 жылдың 30 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды. Заң 3 наурызда күшіне енеді, осы күннен бастап жеке тұлғалардан арыз қабылданады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

Банкроттықтың үш тәсілі бар – ол соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.


«Ең көп шағым соттан тыс банкроттық тәсілі бойынша түседі. Бұл микроқаржы ұйымдар, коллекторлық агенттіктер және екінші деңгейлі банктерге қарыздар бойынша қаралады. Мұнда борыш 1 600 АЕК-тен аспауы тиіс. Сондай-ақ қарыз 12 ай ішінде өтелмеуі тиіс және мүлік болмау керек. Арыз бермес бұрын қарыздар бойынша банкпен есеп айырысу рәсімі жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар, заңда ерекше жағдайлар қарастырылған: атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 12 ай ішінде төлемнің болмауы туралы критерий қолданылмайды және берешегі 5 жылдан артық өтелмейтін азаматтар үшін осы соттан тыс процедура қолданылады», – деді спикер.