30.01.2023 _ 11:30

Банкроттық процедура іске асырылғаннан кейін Заңмен үш жыл ішінде қаржылық мониторинг процесін жүргізу көзделген

Азаматтардың қарызы 1600 АЕК-тен, яғни 5,5 млн теңгеден асатын болса, сот банкроттығы қолданылады. Ол кредиторлар алдындағы борыштардың барлық түрлері бойынша қолданыла алады. Сот банкроттығы кезінде борышкердің мүлкі сауда-саттыққа түсіріледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

«Бірақ мұнда да өзінің нюанстары бар. Кредитор борышкердің жалғыз тұрғын үйін сот банкроттығы барысында ол кепіл нысанасы болған жағдайда ғана алып қоюға құқылы.
Түскен қаражат белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар алдындағы борыштарды өтеуге жіберіледі. Борыштың қалған өтелмеген сомасы борышкердің жосықсыз белгілері болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады. Яғни, ол мүлікті, ол туралы ақпаратты жасырмауы және жалған мәліметтер бермеуі керек», - деді Біржанов.


Оның айтуынша, банкроттық процедура іске асырылғаннан кейін Заңмен үш жыл ішінде қаржылық мониторинг процесін жүргізу көзделген. Егер банкроттық әдейі жасалса, бұл шешім қайтарылуы мүмкін. Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына кәсіби бухгалтерлер; заң кеңесшілері; аудиторлар, кіреді. Олардың қызметтері ақылы, борышкердің мүлкі есебінен — айына бір ең төменгі жалақы 70 мың теңге.