30.01.2023 _ 12:00

Қаржы министрлігінің өкілдері қарыздарды азайту және борышкер мен кредитор арасындағы уағдаластықтарға қол жеткізу жолдары туралы айтты

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі тараптардың – кредитордың да, борышкердің де келісімі бойынша сотта қабылдануы мүмкін бірқатар іс-шараларды көздейді. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» брифинг барысында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов кейбір әдістерге тоқталды.

«Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процедурасы кезінде қарыздың бір бөлігін есептен шығару – несие беруші мен борышкердің өзара түсіністік орнату әдісі. Яғни, несие беруші қарыздың бір бөлігі есептен шығарылады деп айтуы мүмкін, ал бұл борышкердің қарызды 5 жылда өтеу мүмкіндігін жеңілдетеді. Бұл қарызды азайтып, келісімге қол жеткізудің бір жолы. Бұдан басқа да құралдар бар. Мүліктің бір бөлігін жалға беруге, яғни, қосымша табыс табуға болады. Сондай-ақ бұл сотта талқылануы және қарызды өтеу кестесінде көрсетілуі мүмкін», - деді спикер.