02.02.2023 _ 15:16

Он мыңыншы қазақстандық өз көлігін заңдастырды

Көкшетау тұрғыны өз көлігін заңдастырған он мыңыншы адам болды, деп хабарлайды ҚР ІІМ сайты.

31 жастағы Азамат Еслямбеков Honda Odyssey маркалы автокөлікті Армениядан алып келген. Бүгін ер адам өзінің көлік құралын заңдастырып, қазақстандық техпаспортты, сондай-ақ мемлекеттік нөмірлік белгіні алды.

Заңдастыру 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.

Өтінім беру тәсілдері:

eGov.kz үкімет порталы арқылы;

екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы;

ХҚКО арқылы.

Ереже бойынша автокөлік Қазақстанға 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінуі тиіс, қылмыстық есепте болмауы керек, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы қажет. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік кедендік тазартудан өтуі тиіс.