Көрме жәдігерлерінің бірі Қазақстанның Қарулы күштерін цифрландыруға арналған. Оны жұмылдыру ресурстарын автоматтандырылған есепке алу ақпараттық жүйесі ұсынып отыр. Бағдарламалық қамтамасыз ету жергілікті әскери басқару органдарын цифрлық трансформациялау шеңберінде әзірленді. Қазірдің өзінде бүкіл өңірде департаменттерге, басқармаларға және қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерге енгізілді. Одан өзге бұл әскери комиссариаттарға әртүрлі мемлекеттік органдардың әскери міндеттілері туралы мәліметтерді жинақтауға мүмкіндік береді.
Заманауи цифрлық технологиялардың арқасында адамның ЖСН арқылы мүдделі органдар азаматтың тұрғылықты жерін, әскери қызметке жарамдылығын, денсаулығын, отбасылық жағдайын және тағы басқаларын анықтай алады.
– Ұсынылып отырған бұл ақпараттық жүйе жұмылдыру ресурстарын есепке алуды автоматтандыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта әскердегі көптеген процестер автоматтандырылған, қағазбастылық қысқарған және Қорғаныс министрлігінің азаматтарға қызмет көрсету түрлері едәуір жеңілдетілген, – деді Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев.
Көрмеде әскери саладағы жоғары технологиялық отандық әзірлемелер де ұсынылды. Qazdron компаниясы радиомен басқарылатын ұшқышсыз басқарылатын құрылғыны, Тactical Tech – виртуалды шынайы тактикалық жауынгерлік іс-қимылдың үдеткіші, Kaztechinnovations – дронға қарсы қолданылатын кешендерді көрсетті.
Қорғаныс министрінің орынбасары бес жыл ішінде Digital Almaty-2023 форумы трансұлттық және IT-компаниялардың, мемлекеттік органдардың және цифрландыру саласындағы беделді халықаралық сарапшылардың басын қосқан ең танымал алаң екенін атап өтті. Сол секілді іс-шара цифрлық индустрияның төңірегіндегілерге өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді.
Форум аясында Қарулы күштерді цифрландыруға арналған талқылау ұйымдастырылды. Онда «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Теміржан Әбдірахманов, Түркияның қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің өкілі Зия Юсуф Чамоғлы, Elbit Systems C4i & Cyber израильдік компаниясының өкілі Әмір Зельднер және Thales Group француз компаниясының Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Мартин Ривет де Сабатие баяндама жасады.
Форумға қатысушылар осындай шаралар IT-технологиялар саласындағы қарым-қатынасты жандандыруға, ғылыми тұрғыда алмасуға ықпал етіп қана қоймай, елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндіктерін де арттырады деген пікірге келді.