06.02.2023 _ 14:20

2022 жылы Техникалық реттеу және метрология комитеті бұзушылықтарды жоюға 163 ұйғарым шығарды

Техникалық реттеу және метрология комитетінің аумақтық департаменттері 2022 жылы мемлекеттік бақылаумен қамтылған барлық іс-шаралар 2156 тексеруді құрады. Бұл ретте жоспардан тыс – 133, барып профилактикалық бақылау - 182, бармай профилактикалық бақылау – 1599 және басқа мемлекеттік органдармен бірлескен тексерулер - 250. ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында комитет төрағасы Қуаныш Елікбаев осындай мәліметтерді жария етті.

Оның айтуынша, тексеру нәтижелері бойынша 1459 жағдайда бұзушылықтар анықталды, бұл 68% құрайды. 

«Бұзушылықтарды жоюға 163 ұйғарым берілді және жалпы сомасы 172,8 млн теңгеге 202 қаулы шығара отырып, әкімшілік істер қозғалды, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен екі есе артық», - деп нақтылады спикер. 
Мысалы, Қуаныш Елікбаев атап өткендей, Қостанайда сынақ зертханасы СҚО-дан кемінде 11 автомобильге сынақ жүргізбей және автомобильдерді зертханаға ұсынбай хаттамалар беріп келген. Бұл ретте зертхана берген хаттамалар жабдықтары ауыстырылған автомобильдердің қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетіндігін растаған. 


Маңғыстау облысында «ҚазТрансГаз Аймақ» газбен жабдықтау ұйымымен өзара іс-қимыл жасай отырып, тексеру зертханасы тұтынушыларда демонтажсыз және зертханаға жеткізбей орнатылған 54 газ есептегішіне тексеру туралы сертификаттар бергені анықталды. 

«Зертханаға 600 мың теңгеге жуық айыппұл салынды, зертхананы аккредиттеу аттестаты алты айға тоқтатылды. Бұл газ үшін артық төлегені үшін ел азаматтарын алдауға әкеп соқтыруы мүмкін еді», - деді техникалық реттеу комитетінің басшысы.


Сонымен қатар, өңірлер бойынша 102 медициналық мекемеде 4643 тексерілмеген өлшеу құралы анықталды. 

«Тексерілмеген құрылғылардың ішінде пациенттердің өмірі мен денсаулығына тікелей байланысты құралдар бар. Бұл УДЗ аппараттары, механикалық желдету аппараттары (ӨЖЖ), дефибрилляторлар, пациенттің мониторлары, ұрық мониторлары, спирометрлер. Айыппұлдардың жалпы сомасы 78 млн теңгеден асты», – деді Қуаныш Елікбаев.