09.02.2023 _ 12:00

Қант саласының проблемаларын шешу үшін кластерлік тәсілді қолдану көзделген

Шағын өндірушілер бірқатар проблемаларға тап болуы мүмкін: шикізатқа қол жетімділік, қаржыландыру, агротехнология, техника, өткізу. Оларды қант кластерінің көмегімен шешуге болады. Қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жол картасының тиісті тармағы пысықталатын болады. Бұл туралы ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Қанат Жауымбаев ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында хабарлады.

«Бізде 4 қант зауыты бар. Соның негізінде жақсы кластер дайындауға болады. Қант кластері шаруаларды инфрақұрылыммен ғана қамтамасыз етпейді, бұл қаржыландыру, агротехнологияларды сақтау, техникалық және технологиялық қамтамасыз ету, сондай-ақ өткізу мәселелері. Кепілдендірілген сату кластердің өзегі – қант зауыты арқылы қамтамасыз етіледі. Сондықтан біз Жол картасын сәл кеңейтіп, 4 зауыт негізінде қант кластерлерін дамыту бойынша ұсыныстар енгіземіз. Әрбір зауыт кластердің өзегі болады», - деді спикер.  


Сонымен қатар ол Жол картасы өткен жылдың соңында қабылданғанын, сондықтан барлық іс-шаралар енді ғана басталып жатқанын айтты. 

«АШМ міндеті – барлық мемлекеттік органдардың, ведомстволардың жұмысын жүйелеу, жұмыс тек ресми түрде жүргізілмеуі үшін нәтиже қажет. Бізде түпкілікті нәтижелер көрсеткіштері бар: бұл импортты алмастыру, өз шикізатымызбен қамтамасыз ету», - деп атап өтті Қ.Жауымбаев.