09.02.2023 _ 13:54

Қазақстан қылмысқа қарсы күресте халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты арттыруды жалғастыруда

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы шет мемлекеттермен қылмыстық-құқықтық салада халықаралық шарттар жасасу бойынша жұмысты жалғастыруда. Қазақстан алыс шетелдердің 34 елімен 72 шарт жасасты (29 – қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы, 21 – ұстап беру туралы, 22 – сотталғандарды беру туралы). Біздің серіктестеріміздің қатарында АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Үндістан, БАӘ және т.б. сияқты ірі әлемдік державалар, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

ТМД-ға мүше мемлекеттермен қылмысқа қарсы күрестегі жеке маңызды бағыт - Минск және Кишинев конвенциялары негізінде азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы өзара әрекеттесу.

Біздің еліміз Солтүстік және Оңтүстік Американың 26 елін қамтитын үш америкааралық конвенциялардың (ұстап беру туралы, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы, шетелде қылмыстық жазасын өтеу туралы) толыққанды қатысушысы болып табылады.

Қазіргі уақытта Франция және Өзбекстанмен екі шарт ҚР Парламенті Сенатында ратификациялаудан өтуде.

Франциямен құқықтық көмек туралы шарт біздің елдеріміздің құқық қорғау органдарына күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдеуге, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатына тыйым салуға және өзге де мүлікті тәркілеуге мүмкіндік береді.

Өзбекстанмен сотталған адамдарды беру туралы шарт оларға бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өз отанында одан әрі өтеуге мүмкіндік береді.

Қазір қазақстандық колонияларда Өзбекстанның 500-ге жуық азаматы жазасын өтеп жатыр, ал Өзбекстанда біздің 20 азамат жазасын өтеуде.

Бүгінгі таңда қылмыстық-құқықтық саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту жұмыстары жалғасуда.

Өткен жылдың соңында Қазақстан Кипр Республикасымен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы және ұстап беру туралы шарттар жасасты. Қазір құжаттар пакеті ратификациялауға дайындалуда.