09.02.2023 _ 14:10

Қаржы министрлігі: мемлекеттік сатып алудың барлық процесі автоматтандырылған

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл өткен жылы атқарылған жұмыс нәтижелері және алдағы жоспарлар туралы баяндады. Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу саласын әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып жетілдіруге әрдайым ден қояды. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алудың барлық процесі автоматтандырылған.

«Дүниежүзілік банктің зерттеулеріне сәйкес, Қазақстанның электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесі әлемдегі ең үздіктердің бірі болып табылады. Біздің мемлекеттік сатып алу жүйеміз қолжетімділігі және ашықтығы бойынша әлемдік рейтингте 109 мемлекеттің ішінде 3-орында.  Бүгінде мемлекеттік сатып алу веб-порталында 100 мыңнан астам өнім беруші және 24 мыңнан астам тапсырыс беруші тіркелген. 2022 жылдың қорытындысы бойынша электрондық веб-портал арқылы жүргізілген сатып алу көлемі 5,9 трлн теңгені құрады», - деді спикер.