10.02.2023 _ 15:50

Бүгінгі таңда 97 фармацевтикалық өндіруші жұмыс істеп жатыр – Ж. Бүркітбаев

Халықты қамтамасыз ету үшін және мемлекет кепілдік беретін тегін медициналық көмек көлемін көрсету шеңберінде 2023 жылы дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың 1 669 атауын бір орталықтан сатып алу қарастырылған. ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаевтың айтуынша, стационарлық көмек көрсету үшін шамамен 1 580 атау пайдаланылады, сомасы 184 млрд теңге; амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін – 636 атау қолданылды, сомасы 232 млрд теңгеден астам.

«Бірыңғай дистрибьютор 2023 жылдың басынан бері 57 млрд теңгеге дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды өңірлерге жөнелтті. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында 4 млрд теңгеден астам сомаға дәрі-дәрмек берілді. Бүгінгі таңда елімізде 97 фармацевтикалық өндіруші жұмыс істейді, оның 34-і – дәрілік заттар шығарумен айналысса, 41-і – медициналық мақсаттағы бұйымдар, 22-сі – медициналық техникалар жасауға маманданған. Рош, Ново Нордикс, Пфайзер, АстраЗенека сияқты компаниялардың келісімшарттық өндірісінің инвестициялық жобалары жасалып жатыр. Фармацевтика саласын ақшалай бағаласақ 863 млрд теңгені құрайды, оның ішінде отандық тауар өндірушілер үлесі 162 млрд теңге. 2022 жылы жергілікті фармацевтикалық нарықтағы отандық өндірістің үлесі 19%, импорттық өнімнің үлесі тиісінше 81% құрайды. Президенттің тапсырмасы бойынша алдағы уақытта отандық тауар өндірушілердің фармацевтика саласындағы өнімнің үлесін 50%-ға жеткізуіміз керек», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметі алаңында.