Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы 6 бағыт пен 10 нысаналы индикаторды және 72 іс-шараны қамтитынын айтты.
«Біз 2029 жылға қарай мемлекеттік қолдау шаралары туралы жастардың хабардарлығын 90%-ға дейін, волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тартылу деңгейін 32%-ға дейін арттыруды көздеп отырмыз», — деді Д. Қыдырәлі.
Сонымен қатар Тұжырымдама жобасы жас кәсіпкерлердің үлесін 30%-ға дейін, жұмыспен қамту орталықтарына жүгінгендер арасынан жұмысқа орналастырылған жастардың үлесін 61%-ға дейін ұлғайтуды көздейді.
2029 жылға қарай 2,3 млн жасты жұмыспен қамту жоспарлануда, оның 1 млн-ы – ауыл тұрғындары. Сонымен қатар ауылдық жерлерде тұратын 1,5 млн жас қазақстандық цифрлық сауаттылыққа оқытылатын болады.
Үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептерді, оқушы орындарының тапшылығын жою арқылы жайлы және қауіпсіз білім беру ортасын құру жөнінде шаралар қабылданатын болады. Мәселені шешу үшін 1,5 млн жаңа оқушы орны ашылмақ. Мектептер қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталады. 2026 жылға қарай ауылдарда, шағын қалаларда және аудан орталықтарында 5 мың мектеп жаңғыртылады.
Балалардан шығармашыл, интеллектуал және физикалық тұрғыдан жетілген тұлға қалыптастырып шығару үшін жағдай жасауға, сондай-ақ балалардың сапалы сауығуы мен демалысын қамтамасыз етуге қажетті деңгейде көңіл бөлінеді.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде қазақстандық жастардың колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алуына баса назар аударылды.