13.02.2023 _ 11:40

Қаңтардағы ҰБТ штаттық режимде және қандай да бір форс мажорсыз өтті

ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттері мен ҰБТ ережелерін бұзу саны біршама азайды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін 98 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Ал тестілеуге кіру барысында тыйым салынған заттарды кіргізбек болған тестіленушілердің саны – 62, олар ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлімдеді.
иллюстративное фото с сайта bilimdinews.kz

«Тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы бойынша өткізілді. Фронталды веб-камера талапкердің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруін болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл қағидат емтихан тапсыру барысына бақылау жүргізу және тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет. Қабылданған шаралар арқасында қаңтар ҰБТ-ның қорытындылары бойынша бөгде адамдарды кіргізуге тырысу фактісі анықталған жоқ. Естеріңізге сала кетсем, 2022 жылы барлық 5 тестілеу қорытындысы бойынша тек 1 факті тіркелген еді. ҰБТ штаттық режимде және қандай да бір форс мажорсыз өтті», - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры.