15.02.2023 _ 09:07

2023 жылы үш визит-орталықтың құрылысы аяқталады

Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сеидалиева айтты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

«2023 жылы үш визит-орталықтың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Ол «Сауран», «Гаухар-ана» және «Ордабасы» туристік оралықтары. Аталған тарихи визит-орталықтардың үшеуі де еліміздің рухани астанасы - Түркістан облысында орналасқан»,- деді Жанат Сеидалиева.

«Сауран» қалашығы Түркістан қаласынан 40 шақырым жерде. Мұнда келушілер мен туристерге қызмет көрсету үшін заманға сай инфрақұрылым жасалады. Ал, «Гаухар-ана» кесенесі - Орта Азия аумағындағы әйелдер құлшылық жасауға арнайылап келетін орын. Визит-орталықта қонақтарға жайлы жағдай жасау үшін түнеуге арналған орындар қарастырылған. «Ордабасы» аумағында да визит-орталықтың құрылысы белсенді жүріп жатыр.

«Визит-орталықтар бірінші кезекте ғылыми, мәдени, ақпараттық кешендер ретінде пайдаланылатын болады. Мұнда туристер үшін барлық қолайлы жағдай жасалады. Бұдан бөлек жергілікті жердің мәдени-туристік кластерін дамытуға, өңірдің брендке айналған тарихи-мәдени және табиғи ресурстарды пайдалана отырып, имидждік, туристік өнімдерді жасауға үлкен мүмкіндік»,- деді Тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сеидалиева.

Бүгінгі таңда Қазақстанда үш визит-орталық толық қарқында жұмыс істеп жатыр. Ол Алматы облысындағы «Таңбалы», Ұлытау облысындағы «Ұлытау» және Түркістан облысындағы «Отырар» орталықтары.