15.02.2023 _ 11:10

«Қазақконцерт» ұйымы «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасын биыл жалғастырады

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова мекеменің ірі жаңа жобалары, ауқымды, салтанатты концерттік іс-шаралары және басқа да жаңалықтарымен бөлісті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі моноқалаларды жан-жақты дамытуға бағытталған тапсырмаларына сәйкес, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымы биыл «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасын жалғастырады. 


«Біз 2022 жылдың тамыз айынан бастап жаңа құрылған Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарына, Қызылорда облысына, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Петропавл, Көкшетау қалаларына  барып 17 мың шақырымдай жол жүріп өтіп, 50 мыңға жуық көрерменге өнерімізді көрсеттік. Биыл Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе облыстарына гастрольдік сапарлар жоспарланып отыр. Сондай-ақ бірқатар аудандар мен елді мекендердің халқына «Қазақконцерт» ұжымының әртістері өз өнерлерін паш етеді. Жоспарға сай, ұйымның танымал әртістері мен шығармашылық ұжымдары өңір көрермендеріне әр түрлі бағыттағы концерттік бағдарламаларды ұсынады», - деді А. Райымбекова.


Аталған жобаның негізгі мақсаты – өңір тұрғындары үшін мәдени құндылықтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, ұлттық өнерді дәріптеу болып келеді. 
Жалпы алғанда «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасы аясында 2025 жылға дейін 28 аудан, 29 моноқала, 20 облыс орталығының тұрғындары кезең-кезеңмен қамтылатын болады. Жалпы алғанда, биыл 3 республикалық жоба мен 5 бағыт бойынша гастрольдік сапарға дайындық жүргізілуде.