Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты міндеттерінің бірі – техногендік апатқа әкелуі мүмкін түрлі салалардағы апаттардың алдын алу. Әлеуетті қауіптің көздері тау-кен металлургия, мұнай-газ өндіру, мұнай-химия, химия өнеркәсібіндегі өнеркәсіптік объектілер болып табылады. Олардың саны елдің экономиканы үздіксіз дамытуға, өндірістерді жаңғыртуға, өнеркәсіптік индустрияландыруға табиғи қажеттілігіне байланысты жыл сайын артып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығмеджан Мақажанов хабарлады.
«Қазіргі уақытта өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында 10 мыңға жуық өнеркәсіптік кәсіпорын қадағалануда, олардың құрамында 200 мыңнан астам қауіпті өндірістік объекті бар. Қауіпті өндірістік объектілерді пайдалану процесінде қолданылатын технологиялық жабдықтың жоғары моральдық және физикалық тозуына, оның уақытылы ауыстырылмауына, соның ішінде жаңғыртылмауына және жөнделмеуіне байланысты төтенше жағдайлар орын алуы ықтимал», – деді спикер.