27.02.2023 _ 14:27

Былтыр 28 авария тіркелді – Н. Мақажанов

2022 жылдың қорытындысы бойынша 28 авария тіркелді, оның салдарынан 32 адам зардап шекті, оның 15-і қайтыс болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығмеджан Мақажанов хабарлады.

«Осындай авариялардың бірі өткен жылдың қараша айында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Ленин атындағы шахтасында орын алып, салдарынан 9 адам зардап шегіп, оның бесеуі қайтыс болды. Осыған ұқсас жағдай 2021 жылғы қарашада «Абай» шахтасында орын алып, 9 адам зардап шекті, оның алтауы көз жұмды. Осындай авариялардың алдын алу мақсатында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да ҚР Үкіметі қол қойған Өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде бекітілген Жол картасын іске асыру жалғасуда, ол бірлескен күшпен кәсіпорынның өндірістік объектілеріндегі құқықтық тәртіпті нығайтуға және қауіпсіздік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді ТЖМ өкілі.

Сонымен қатар 231 оқыс оқиға тіркелді. Аварияларды тергеп-тексеру нәтижесінде олардың қауіпті өндірістік объектілер жұмыскерлерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзуға жол берген немқұрайлылығы, сондай-ақ пайдаланылатын жабдыққа техникалық зерттеп-қараудың сапасыз жүргізілуі салдарынан болғаны анықталды.