27.02.2023 _ 14:31

Былтыр авариялар мен оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында 2500 жуық тексеріс жүргізілді

Талдау нәтижесінде авариялар мен оқыс оқиғалардың негізгі себептері өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзу, пайдаланылатын жабдықтың жоғары моральдық және физикалық тозуы, сондай-ақ жұмыскерлердің өндірістік және еңбек тәртібінің төмендігі болып табылатыны анықталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығмеджан Мақажанов мәлім етті.

«Биылдан бастап қауіпті өндірістік объектілердегі аварияларды тергеп-тексеру бақылау нысандарының біріне жатқызылды. Осыған байланысты аварияларды тергеп-тексеруді ұйымдастыру және жүргізу кезінде Кәсіпкерлік кодекстің ережелері қолданылатын болады», – деді спикер.

Оның айтуынша, бақылау-қадағалау қызметі аясында авариялар мен оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында 2022 жылы 2 450 тексеріс жүргізілді, оның ішінде ерекше тәртіп бойынша 1 355 тексеру және 1 095 жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 38 277 нысан тексерілді. Тексеру қорытындысы бойынша барлығы 34 617 өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзу жағдайы анықталып, 254 млн теңгеден астам сомаға 1 708 әкімшілік айыппұл салынды.

Адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қаупін туғызатындай өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін қауіпті өндірістік объектілердің 733-і тоқтатылды.