27.02.2023 _ 15:30

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру үшін 10 нормативтік құқықтық актіге өзгерістер енгізілді

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл аясында 10 қызмет көрсетіледі. Барлық қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық форматта көрсетіледі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығмеджан Мақажанов осындай мәліметтерді жария етті.

ТЖМ өкілінің айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі. 2020-2022 жылдары көрсетілген қызметтердің сапасына жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижелері туралы есеп көрсетілген қызметтердің жоғары, тұрақты және оң динамикасын көрсетті. Есептік кезеңдегі орташа балл 5-тің 4,85-ін құрады.

«Мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді ревизиялау және өзектендіру аясында өткен жылы 10 нормативтік құқықтық актіге өзгерістер енгізілді, атап айтқанда нормалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен, сондай-ақ «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен үйлестірілді», – деді спикер.