28.02.2023 _ 11:20

Қаржы министрлігі: жеке тұлғалардан банкроттыққа өтінімдер қабылдау мерзімі шектелмеген

Қаржы министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдар 2023 жылғы 3 наурызда банкроттыққа өтінімдерді қабылдауға толықтай дайын. Ақпараттық жүйе әзірленді. Өтініштердің басым бөлігін онлайн түрде қабылдау жоспарланған. Бұл туралы ҚР қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен сараптамалық кездесу барысында мәлімдеді.

«Жеке тұлғалардың банкроттығын іске асыру мерзімі шектелмеген. Өтініштерді онлайн қабылдау үшін мүдделі мемлекеттік органдармен, банктермен 40 интеграциялық өзара іс-қимыл жүргізілді. Жүйе сынақтан өткізілді және өтінімдерді қабылдауға дайын», – деді спикер. 


Оның айтуынша, өтінішті eGove «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және ХҚКО арқылы, скринингтік тексеру жүргізу үшін «E-salyg Azamat» қосымшасы арқылы беруге болады. 

Басқа тараптардан өтініш берушінің критерийлерге сәйкес келетіні туралы ақпарат алғаннан кейін 1414 арқылы өтінімнің қабылданғаны және өтініш берушінің банкрот ретінде қаралатыны туралы хабарлама жіберіледі. 

«Бұл өтініш берілгеннен кейін 14 күннің ішінде жасалады», – деді Е.Біржанов.