28.02.2023 _ 11:50

Қаржы министрлігінің өкілдері борышкердің жағдайына қаржылық мониторинг не үшін жүргізілетінін түсіндірді

Борышкер кредиторларды алдап кетпеуі үшін қаржылық мониторинг тетігі енгізілді. Ол азамат банкрот деп танылғаннан кейін үш жыл бойы қолданылады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен сараптамалық кездесу барысында айтты.
Қаржы министрлігінің өкілдері борышкердің жағдайына қаржылық мониторинг не үшін жүргізілетінін түсіндірді

«Банкроттық аяқталғаннан кейін үш жыл ішінде салық декларациясы мен басқа да ақпарат көздері негізінде біз банкроттық кезеңде өз мүлкін несие берушілерден жасырған және қарыздарын өтемеген борышкерлерді анықтаймыз. Мұндай фактілер белгілі болған жағдайда банкроттық рәсімі жойылады және қолданыстағы тәртіппен өндіріп алу жөніндегі барлық шаралар қайта басталады, яғни азамат қарапайым борышкерге айналады», – деді спикер.   


Сондай-ақ Қ. Миятов банкрот деп танылғаннан кейін жұмысқа орналасқан және ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары жалақы алатын азамат банк алдындағы несиесін төлеуге міндетті бола ма, жоқ па деген мәселеге қатысты пікірін білдірді.  

 
«Банкроттықтан кейін заңды түрде жұмысқа орналасып, жалақы ала бастаған адамдарға қатысты ешқандай жаза қолданылмайды», – деді спикер.