28.02.2023 _ 14:10

Мал шаруашылығындағы барлық деректер бір жүйеге енгізілді

Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлінеді. 2020 жылы 10 млн жуық бас мал түлеген, 2021 жылы бұл көрсеткіш шамамен 12 млн-ды құрады, ал 2022 жылы 13 млн-нан асты. Осы мәліметтер бір базаға жинақталды. Дерекқор жүйесіне мал паспорты, мал дәрігері жүргізетін тексерулер, вакциналар және басқа да ақпарат енгізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов хабарлады.

Оның айтуынша, мал дәрігерлерінің барлығы осы ақпараттық жүйеге қосылған.

«Қазіргі таңда осы ақпараттық жүйеге қатысты мобильдік жүйе (ветмобайл) әзірленді. Ол мал дәрігерлері жұмыс істейтін планшетте болады. Мобильдік жүйе былтыр желтоқсан айынан бастап іске қосылды. Қазіргі кезде пилоттық жоба Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар барлық өңірлерде қажетті құрал-жабдықтар, планшеттер сатып алу жұмыстары бсталды», - деді спикер. 


Ауыл шаруашылығы вице-министрі жаңа ақпараттық жүйенің артықшылықтарына тоқталды. 

«Біріншіден, барлық ақпарат онлайн түрде жүйеге енгізіледі. Мал дәрігері бұрынғыдай қолмен толтырып, оны қайтадан ақпараттық жүйеге салмайды. Сондай-ақ әр малдың қай өңірде туылғаны, қандай ем қабылдағаны, сол өңірден әрі қарай ет комбинатына кетті ме, экспортқа жіберілді ме, осының барлығы қауіпсіздік мақсатында қолға алынатын болады», - деді Бекбауов.