28.02.2023 _ 14:30

Мемлекет пайдасына қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы әзірленді

Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК-мен бірлесіп jerkarta.gharysh.kz порталын іске қосты. Бұл – мемлекет пайдасына қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов хабарлады.

Оның айтуынша, интерактивті карта арқылы онлайн түрде қай өңірде қандай жерлер қайтарылғанын, оның жалпы ауданын және т.б. мәлімет ала алады.

 «Әкімшіліктерге осы жерлерді одан әрі игеру туралы тапсырма берілді. Қазіргі таңда осы интерактивті картадағы өткен жылдары қайтарылған жерлердің 2 млн га жуығы игеруге берілді. Айта кетерлік жайт, картада жер учаскелерінің кадастрлық номері, ауданы және координаттары көрсетілген. Ал оның кімнің меншігінде болғаны туралы мәлімет ұсынылмайды», - деді ауыл шаруашылығы вице-министрі.