Азаматтардың қауіпсіздігі мәселелеріне жұртшылықтың назарын аудару, төтенше жағдайларды болдырмау және орын ала қалған жағдайда қауіпсіз жүріп-тұру ережелерін дағдылау мақсатында жыл сайын 1 наурызда Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні аталып өтіледі. Дәстүр бойынша осы күні барлық өңірлерде сиреналар мен дауыс-зорайтқыш құрылғыларын қоса отырып, «Баршаның назарына!» дабылы беріледі. ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, жүргізілген сауалнама аталған дабылды естіген кезде қалай әрекет ету керектігін халықтың бәрі бірдей біле бермейтінін көрсетті. Спикер Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Баршаның назарына!» құлақтандыру дабылының мағынасына тоқталды.
«Егер сиреналардың дыбысын естіген болсаңыз, дүрбелеңге жол бермей, жергілікті телеарна мен радионы қосып, жергілікті басқару органдарының ТЖ қаупі немесе орын алуы туралы ресми ақпаратты тыңдап, нұсқауға сәйкес әрекет етуіңіз керек. Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні жыл сайын белгілі бір ұранмен өтеді. Биылғы ұран: «Тәуекелдерді бағалаудағы ақпараттық технологиялардың рөлі»», – деді Сыздықов.