01.03.2023 _ 09:20

ТЖМ халықты ақпараттандыру мақсатында мобильді қосымшалар мен платформаларды пайдаланады

Халық арасында смартфондарға жүктелген мобильді қосымшалар, соның ішінде әртүрлі салалар бойынша анықтамалық ақпарат алу және онлайн оқыту үшін кеңінен қолданылады. ТЖМ осы заманауи үрдісті ескере отырып өз жұмысында мобильді қосымшаларды белсенді пайдаланады. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов «Darmen» қосымшасы туралы айтып берді.

«Бұл қосымша трассалардың жабылуы/ашылуы, оқу орындарындағы сабақтардың тоқтатылуы, дауылды ескертулер және т.б. хабарламаларды жедел, небәрі 3-5 секундта алуға мүмкіндік беретін халықты құлақтандырудың тегін сервисі. Сонымен қатар «Darmen» қосымшасына «Азаматтық қорғаныс» қосымшасы біріктірілген, ол сізге қауіпсіз жүріп-тұру, азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және жүргізу ережелерімен түсінікті жадынамалар мен нұсқаулар түрінде танысуға мүмкіндік береді», – деді спикер азаматтарды аталған мобильді қосымшаны жүктеуге шақыра отырып. 


Сонымен қатар халықты ақпараттандыру мақсатында басқа да платформалар пайдаланылады. Мысалы, 2ГИС-те төтенше жағдайлар кезінде халықты жинау-эвакуациялау және қабылдау-эвакуациялау бекеттері, суға шомылуға тыйым салынған және рұқсат берілген орындар туралы мәліметтер де орналастырылған.