01.03.2023 _ 11:00

Биыл 1 наурыздан 30 сәуірге дейін Қазақстанда француз тілі мен мәдениеті фестивалі өтеді

Армения, Бельгия, Египет, Канада, Румыния, Франция, Швейцария елдерінің Қазақстандағы елшілері Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Франкофония көктемі-2023» мәдени іс-шаралар маусымын таныстырды. Халықаралық франкофония күнінің мақсаты – француз тілін ұнататындарды біріктіру, француз мәдениетін насихаттау. Франция ұсынатын іс-шаралар туралы осы елдің Қазақстандағы елшісі Дидье Канесс айтып берді.

Оның сөзінше, биыл Қазақстанда «Франкофония көктемін» 9 елшілік ұйымдастырады.

«Әлемде 320 миллионнан астам адам француз тілінде сөйлейді. Бұл өте көп. Француз тілі 29 мемлекетте ресми тіл мәртебесіне ие, әлемдегі ең көп таралған бесінші. Сонымен қатар француз тілі интернетте қолданылатын төртінші тіл және әлемде ең көп оқылатын екінші тіл болып саналады», – деді спикер. 

Іс-шаралар Астана, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Өскемен және Шымкент қалаларында өтеді.

Франция франкофонды кино апталығы аясында 9 фильм көрсетеді.

Сондай-ақ 7 наурызда Алматыда «Әйелдердің спорттағы орны» фильмі көрсетіледі, одан кейін әйелдер құқығын сақтау тақырыбында талқылау өтеді.

Елші 2024 жылы Францияда өтетін Олимпиада ойындарына 500 күн қалғанда Алматы қаласында мектеп оқушыларының қатысуымен эстафета ұйымдастыру жоспарланып отырғанын айтты.

«Биыл фестиваль бағдарламасына арт-резиденцияны қостық, оның аясында жас француз суретшісі үш ай бойы Алматыда болады. Резиденция аяқталғаннан кейін шығармашылық жұмыстар «Esentai» галереясында көпшілік назарына ұсынылады», – деді Дидье Канесс.