01.03.2023 _ 14:20

3,5 мыңға жуық әскери қызметші «кредиттік демалыс» мүмкіндігін пайдаланды

Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру аясында Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызмет өткерудің тартымдылығын арттыру бойынша бірқатар шараны іске асырды. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев олардың негізгілеріне тоқталды.

Ең алдымен, бұл мерзімді әскери қызмет сарбаздары қызмет өткергеннен кейін 2 жыл ішінде ЖОО-ға ҰБТ-сыз, конкурссыз оқуға түсу мүмкіндігі.

«Былтыр Қорғаныс министрі жоғары оқу орындарының басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді. Мерзімді қызметтегі сарбаздар үшін 3 мың грант беретін еліміздің 41 ЖОО-мен меморандумдар жасалды. Әскери борышын өтеу кезінде үздік нәтиже көрсеткендер жоғары оқу орындарына тегін түсу мүмкіндігіне ие болады», – деді қорғаныс вице-министрі.

Сондай-ақ әскери кафедраларға конкурстан тыс түсу мүмкіндігі беріледі.

«Мерзімді әскери қызмет сарбаздарына тұтынушылық несиелерді, шағын қарыздарды төлеу бойынша төлемдерді 13 айға кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі: 12 ай әскерде болу мерзімі және сарбаз жұмысқа орналасып, несиелері бойынша төлемді жалғастыра алуына 1 ай. Бүгінгі таңда 3,5 мың әскери қызметші осы мүмкіндікті пайдаланды, 5 мыңға жуық несие бойынша төлемдер кейінге қалдырылды», – деді спикер.