02.03.2023 _ 14:10

Аты аңызға айналған «Гүлдер» ансамблі қайта жаңғыртылды

1 наурызда елордада аңызға айналған жаңа құрамдағы «Гүлдер» ансамблінің тұсаукесер-концерті өтті. «Р. Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында тарихи жобаны жаңғырту жұмыстары қалай жүргізілгені туралы айтып берді.

«Еліміздің брендіне айналған «Гүлдер» ансамблі әлемнің көптеген елдерінде өнер көрсетіп, танымал болғаны белгілі. «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының басты жаңалықтарының бірі осы ансамбльді қайтадан жаңа құраммен көрермендерге таныстыру болды. «Гүлдер» ансамблін жаңғырту жобасын жүзеге асыру мақсатында ұжымға шығармашылық оқу орындарының түлектері алынды. Тәжірибелі тәлімгерлер – бас балетмейстер Анвара Садықова және жобаның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Серік Дәулетов шақырылды. Жоба бойынша  «Гүлдер» ансамблінің мұрағаттық материалдары мұқият зерделенді», - деді А.Райымқұлова.


Мамыр айында Алматы қаласында «Гүлдер» ансамблінің кезекті концерті  ұйымдастырылады. Сондай-ақ ансамбльдің елдегі және Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия елдеріне алғашқы гастрольдік іс-сапарлары басталады.
«Р. Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры келесі жылы «Гүлдер» ансамбліне 55 жыл толатынын атап өтті.