02.03.2023 _ 14:20

«Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасы аясында 2025 жылға дейін 29 моноқала тұрғындары қамтылады

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасы жалғасын табады. Бұл жоба Мемлекет басшысының моноқалаларды жан-жақты дамытуға бағытталған тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Р. Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова мәлім етті.

«Былтыр жаңадан құрылған Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарына, сондай-ақ Қызылорда облысына және қалаларына бардық, өңірлерді аралап, 17 мың шақырымдай жол жүріп, 50 мыңнан астам көрерменге өнерімізді паш еттік. Биыл «Қазақконцерт» ұжымының әртістері Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарына, бірқатар аудандар мен елді мекендерге барады. Аталған жобаның негізгі мақсаты – өңір тұрғындары үшін мәдени құндылықтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, өнер қайраткерлеріне қолдау көрсету және ұлттық өнерді дәріптеу. «Ел бірлігі – жаңа Қазақстан» жобасы аясында 2025 жылға дейін 28 аудан, 29 моноқала, 20 облыс орталығының тұрғындары кезең кезеңмен қамтылатын болады», - деді А. Райымқұлова.