03.03.2023 _ 09:17

ЕХӘҚМ SMS-таратылымының арқасында 200-ге жуық азамат жұмысқа орналастырылды

Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету саласындағы қолдау шаралары туралы ақпараты бар SMS-хабарламаларды алғаннан кейін 5 мыңға жуық қазақстандық Enbek.kz. сайтына кіріп, жүздеген адам сall-орталыққа қоңырау шалды. Бүгінде 173 адам жұмысқа орналастырылды: 50 – тұрақты жұмыс орындарына, 123 – уақытша жұмыс орындарына орналасып, 73-і кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды бастады, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

SMS-хабарлама алғаннан кейін белсенділік танытпаған азаматтармен жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері қосымша байланысып, жұмысқа орналастыру, оқыту және т.б. бойынша қажетті қызметтерді алуды ұсынуда.

«Жалпы мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары туралы ақпаратты Enbek.kz порталы, халықты жұмыспен қамту орталығы немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығы  арқылы алуға болады», - деп хабарлады ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов.

Бұрын хабарланғандай, осы жылдың 13 ақпанында ЕХӘҚМ 23-35 жас аралығындағы жұмыссыз жастар арасынан 12 мыңнан астам қазақстандыққа жұмыс іздеу, тегін оқудан өту және жұмыспен қамту саласындағы басқа да мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараты бар SMS-хабарламалар жолдады.