09.03.2023 _ 14:40

АШМ жанынан көктемгі егіс науқанын өткізу мәселелері бойынша жедел штаб құрылды

Биыл қаңтар айынан бастап алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарын 140 млрд теңге көлемінде қаржыландыру пысықталды. Аграрлық несие корпорациясы бұл қаражаттың бөлінуін күтпей-ақ, қолда бар ресурстар есебінен желтоқсан айынан бастап қаржыландыруды бастады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек мәлім етті.

Жалпы, 3200-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қамтып, 2 млн гектарға жуық алқапта егін егу мен жинауды қамтамасыз ету жоспарлануда.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы да қаржыландыру жалғасады. Биыл Азық-түлік корпорациясы салаға 55 млрд теңге бөледі, оның 20 млрд теңгесі форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша, 35 млрд теңгесі тауарлық несие беру есебінен. Барлық проблемалық мәселелерді жедел шешу үшін министрлік жанынан барлық қажетті мемлекеттік органдар мен ұйымдарды, сондай-ақ облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарларын тарта отырып, жедел штаб құрылды. Қабылданып жатқан шаралар егіс науқанын сапалы және оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізуге мүмкіндік береді», - деді ведомство өкілі.