Атап айтқанда, Үкімет басшысы жолаушылар, жүк және мамандандырылған техника шығаратын Hyundai Trans Almaty зауытына барды. Кәсіпорын 2011 жылы «Hyundai Motor Company» компаниясымен (Оңтүстік Корея) ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске қосылды.
Бүгінгі таңда зауыт республиканың жеке меншік компанияларына, коммуналдық ұйымдарына және мемлекеттік органдарына Hyundai, Golden Dragon және Foton көлік құралдарының кең желісін (реанимобильдер, өрт сөндіру машиналары, қоқыс таситын көліктер, су таситын көліктер, эвакуаторлар, жүк көліктері) жеткізеді. Алдағы бірнеше жылда кәсіпорын басшылығы өндірісті кеңейтуді, жаңа жұмыс орындарын ашып, экспортты ұлғайтуды және локализациялау үлесін арттыруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар «Астана Групп» холдингінің президенті Нұрлан Смағұлов Премьер-Министрдің назарын бірқатар проблемалық мәселеге аударды. Атап айтқанда, өнім экспорты, Қытайдан Қазақстанға жүк тасымалдау және өндірушілерге кәдеге жарату алымы бойынша берешекті төлеу мәселелері қозғалды.
«12 жыл ішінде кәсіпорын нарықтағы өз позициясын едәуір нығайтты. Біз компанияның өнім желісіне инвестиция салу және оны кеңейту жоспарларын құптаймыз. Мемлекет басшысы қала әкімдігінің алдына халықтың жүріп-тұруына ыңғайлы көлікпен қамтамасыз етіп, экологияға тигізетін зардаптарды азайту міндетін қойды. Сондықтан бұл өндіріс тек қала үшін ғана емес, бүкіл республика үшін де зор маңызға ие», — деді Премьер-Министр. Сондай-ақ Үкімет басшысы көтерілген мәселелердің шешімін табуға жәрдемдесетінін айтты.
Қазіргі уақытта Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерінің тапсырысы бойынша Hyundai Trans Almaty зауытында Golden Dragon маркасының мектеп автобустары және Hyundai (H350) шағын автобусы базасында жедел жәрдем көліктері құрастырылып жатыр. Атап айтқанда, «Мектеп автобусы» пилоттық жобасы аясында Алматы әкімдігі мектепке оқушыларды тасымалдау үшін 100 жаңа техника сатып алуды жоспарлап отыр. Барлығы 29 мектепте білім алатын 7,7 мың оқушыға жағдай жасау көзделген. Аталған автобустар заманауи қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған. Бүгінгі таңда әрбір мектеп бойынша егжей-тегжейлі маршруттар белгіленіп, сонымен қатар балаларды отырғызу және түсіру үшін көліктің келу уақыты көрсетілетін арнайы аялдамалар дайындалуда.
Алматы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров атап өткендей, соңғы жылдары қаланың автокөлік жасау кластері жақсы қарқынмен дамып келеді: 2022 жылы өңдеу өнеркәсібінің 70%-ы автокөлік жасау есебінен қамтамасыз етілді (37,2 мың автокөлік өндірілді).
Бұдан әрі Үкімет басшысы «Valtherm» ЖШС жоғары қысыммен құю әдісін қолданатын Қазақстандағы алғашқы алюминий және биметалл жылу радиаторларын шығаратын зауыт құрылысының барысымен танысты. Жобаға салынған жалпы инвестициялар – шамамен 15 млрд теңге.
Зауыт өнімі беріктігі мен жылу беру бойынша Қытайда шығарылып, Қазақстанға әкелінетін баламалы радиаторлардан 40-50%-ға асып түседі деп күтілуде. Компания 430 жаңа жұмыс орнын ашуды, отандық құрылыс компанияларының сұранысын ішінара қамтамасыз етуді және көрші елдерге тасымалдауды жолға қоюды жоспарлап отыр. Бірінші кезеңде кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 7,2 млн радиатор болса, ал толық қуатына шыққаннан кейін көрсеткіш 15 млн-нан аспақ. Биылғы шілдеде құйма өндірісін іске қосу көзделген.
Әлихан Смайылов қала әкімдігі қайта өңдеу деңгейі жоғары осындай импортты алмастыратын өндірістерді дамытуға ерекше назар аударуы қажет екенін атап өтті. Атап айтқанда, аталған зауытты іске қосу Қазақстанның басқа елдерден радиаторлар жеткізуге тәуелділігін төмендетуге елеулі үлес қосады.
Бұл ретте Үкімет басшысы осы бағытты қолдау үшін елден алюминий сынықтарын бақылаусыз шығарудың жолын кесу және сумен жылыту құралдарына міндетті сертификаттауды енгізу жөніндегі шаралар пысықталатынын айтты.
Жалпы, Премьер-Министрдің айтуынша, Алматының индустриялық аймағы отандық және шетелдік инвесторлар үшін тартымды саналады. Осыған байланысты мемлекет оның дамуына белсенді түрде жәрдем көрсетуді жалғастырмақ. Бүгінгі таңда қала әкімдігі оның аумағын 194 гектарға кеңейтуде. 2023 жылдың соңына дейін мұнда қажетті инфрақұрылымның барлығын құру жоспарланып отыр: теміржол, инженерлік желілер және т. б. салынады.
«Өткен жылы республика бойынша біз 150-ден астам индустриялық жобаны іске асырдық, бұл $2 млрд-қа импортты алмастыруға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Биыл мұндай жобалардың санын 170-ке дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл $2,9 млрд-қа импорттың орнын ауыстыруға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр шағын өнеркәсіп парктері мен қаланың индустриялық аймағы тұрғындарымен кездесті, онда Үкімет басшысына бөлмеаралық есіктер шығаратын зауыттың жұмысы, заманауи ғылыми-өндірістік жылыжай кешенінің құрылысы, сондай-ақ тамшылатып суару жүйелерін құру, кондитерлік өнімдер мен қағаз қаптамаларын шығару жөніндегі жобалар туралы айтылды.