14.03.2023 _ 11:30

Ауылдық аумақтарды дамытудың жол картасы әр облыста әзірленеді - ҚР ҰЭМ

Әр облыс бойынша сараланған тәсіл негізінде экономикалық әлеуетін, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мүмкіндіктерін айқындай отырып, ауылдық аумақтарды дамытудың Жол карталары әзірленетін болады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтты.

«Ауылдық аумақтарды дамытуды институционалдық қамтамасыз ету бойынша тізбекті өзектендіре отырып, ауылдық елді мекендерді айқындау өлшемшарттарын қайта қарау, шағын ауылдарды одан әрі дамыту мәселелерін шешу мақсатында ведомствоаралық комиссия құру жөніндегі іс-шаралар көзделген», - деді спикер.

Елді мекендердің санаттарын «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңның талаптарына сәйкес келтіру жөніндегі іс-шаралар іске асырылатын болады. Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта халқының саны 30 мыңнан асатын ауылдар, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық заңнамаға сәйкес өз мәртебесіне сәйкес келмейтін қалалар бар.

Вице-министр атап өткендей, даму әлеуеті бар ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына мониторинг жүргізіледі, онда мониторинг нәтижелерін ескере отырып және оларды дамытуға сараланған көзқарас негізінде нақты іс-шаралар мен жобалар көзделетін болады.