15.03.2023 _ 14:20

Бюрократияға алып келетін мемлекеттік қызметтерге уәкілетті органдар тиісті сараптама беруі тиіс – С. Мүксімов

Бюрократияға алып келетін, яғни мемлекеттік қызметтің көрсетілу мерзімін негізсіз ұзартып, ұлғайтайтын мемлекеттік қызмет келісу рәсімдерінің орындылығына уәкілетті орган тиісті сараптама беруі тиіс. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов осылай деді.
Бюрократияға алып келетін мемлекеттік қызметтерге уәкілетті органдар тиісті сараптама беруі тиіс – С. Мүксімов

Сала өкілі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің әлі де мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде көзделген комиссиялармен келісу рәсімдерінің болуының орындылығы сияқты өзекті мәселелерді қарастыруы керек екенін атап өтті.

«Мемлкеттік қызмет көрсету саласында 91 қызмет түрі комиссиялар шешімінің негізінде көрсетіледі. Оның ішінде бірқатар комиссиялардың қажеттілігі жоқ. Мұны жүргізілген талдаудың нәтижесі көрсетіліп отыр. Мысалы, әскери қызметін өтеуді кейінге қалдыру туралы мәселе комиссиялық түрде шешіледі. Алайда кейінге қалдыру туралы негіздер заңда жазылған. Олар ресми құжаттармен расталады. Басқаша айтқанда, бұл мәселелер талқылауды немесе ведомствоаралық келісуді қажет етпейді», - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары.

Бұдан басқа, 190-нан астам мемлекеттік қызмет келісу рәсімі арқылы көрсетіледі. Оның 113-і басқа мемлекеттік органдармен, 77-ге жуығы сарапшылармен келісуді талап етеді. Сонымен қатар рұқсаттардың 17,6%-ы алдын ала тексеру кезеңін қамтиды.

«Уәкілетті орган осылардың орындылығына тиісті сараптама беруі тиіс. Себебі, оның барлығы бюрократияға алып келеді - қызмет көрсету мерзімін негізсіз ұзартып, ұлғайтып отырады», - деді С. Мүксімов.

Оның айтуынша, мерзімді сипаттағы 374 мемлекеттік қызмет көрсетуді мерзімсіз форматқа ауыстыру қажет. Бұл қызмет алушыларды қолдану мерзімі өткеннен кейін қайтадан осы қызметтерге жаппай жүгінуге деген мәжбүрліктен құтқарады.