19.03.2023 _ 23:21

Еуразиялық интеграция институты exit poll нәтижелерін жариялады

2023 жылғы 19 наурызда өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің және маслихаттар депутаттарын сайлауда Еуразиялық интеграция институты Қазақстанның 17 облысында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында exit poll - сайлау учаскелерінен шыға берісте азаматтарға сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижелерін институт өкілі Әйгерім Ергенболатқызы жария етті.

Сауалнама 200 сайлау учаскесін қамтыды. Оның ішінде 124-і қалаларда, 76-сы ауылдарда орналасты. Сауалнамаға барлығы 30 мың сайлаушы қатысты. Оларға арнайы даярланған интервьюерлер face to face әдісімен сұқбат жүргізді. Зерттеу нәтижелерінің қателігі 1%-дан аспайды.

«Күні бойы 5 өлшем жүргізілді. Аралық қорытындылар сағат 11.00, 14.00, 16.00, 19.00 және 21.00 жасалды. Сайлауға қатысқандар саны сайлаушылардың 53,25% құрады», - деді Еуразиялық интеграция институтының өкілі.

Exit poll-дың нәтижелері келесідей: «Amanat» партиясы - 53,46%, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 10,52%, «Respublica» партиясы - 8,90%, Қазақстан Халық партиясы - 6,25%, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы - 3,22%, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы  - 7,87%, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия - 5,31%.

Респонденттердің 4,47% бәріне қарсы дауыс берді.