20.03.2023 _ 09:30

ТМҰ халықаралық байқаушылары: сайлау ашық, бәсекеге қабілетті және халықаралық стандарттарға сәйкес болды

Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) халықаралық байқаушыларының миссиясы 32 сайлау учаскесіне барды. Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен брифингте Миссия басшысы, Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Жафаров Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарының сайлауын бақылау жөніндегі жұмыстың қорытындысын жария етті.

Оның айтуынша, миссия әкімшілік сипаттағы бұзушылықтар болмағанын, заңнамаға сәйкес халықаралық және ұлттық байқаушыларға, мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне, үйде дауыс беруге барлық жағдайлар жасалғанын, заңнамаға сәйкес баспасөзде сайлау науқаны туралы кеңінен ақпарат тарату қамтамасыз етілгенін байқады. 


«Түркі мемлекеттері ұйымының миссиясы Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына және халықаралық стандарттарға сәйкес сайлау ашық, бәсекеге қабілетті болғанын мәлімдейді. Біз Қазақстан мен Қазақстан халқын сайлаудың сәтті өтуімен тағы да құттықтаймыз және сайлау нәтижелері Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне одан әрі ықпал етеді деп сенеміз», - деді спикер.