Спикер өткен жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғалары мен одан зардап шеккен және қайтыс болған адамдар санының артуына байланысты журналистің сұрағына жауап бере отырып, бұл көрсеткішті төмендету үшін қандай жұмыс атқарылып жатқаны туралы баяндады. Ол үшін жергілікті жолдар, айналма жолдар мен жаяу жүргінші өткелдерін салу қарастырылған.
«Биылғы жылға дейін 49 елді мекенде айналма жол салынды. Сонымен қатар 19 жол үстімен өтетін жаяу жүргіншілер жолы салынған. 2025 жылға дейін 78 елді мекенде айналма жол салынады. Сонымен қатар биыл тағы 10 жол үстімен өтетін өткел салу жоспарланған. Оның 8-і Алматы облысында, 2-і Ақмола облысында», - деді А. Беков.
Сонымен қатар ол еліміздегі жолдардың бойына 94 камера орнатылғанын айтты. Қазіргі таңда оның 33-і жұмыс істеп тұр. Сала өкілінің айтуынша, жол қауіпсіздігін сақтамаудағы басты кесел – көлік жылдамдығының шектен тыс асырылуы.
«Бізде көп жолдар қос жолақты болғаннан кейін көліктер қарсы жолаққа шығып кетеді де, соқтығысып қалып жатады. Қазір 94 камераның барлығын қосу үшін ІІМ-мен бірге ұйымдастырып жатырмыз. Жылдамдық өлшегіштер қойып, «Сергек» жұмыс істейтін болады. Қазір «Астана-Бурабай» жолында олар жұмыс істеп тұр, жолда көлік жылдамдығын асырғандарға айыппұлдар салынуда», - деді А. Беков.