28.03.2023 _ 14:10

Өткен жылы Қазақстанда банк секторының активтері клиенттер салымдарының 21,5%-ға ұлғаюы есебінен өсті

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен 2023 жылға арналған банк секторындағы қадағалау саясатының негізгі басымдықтары туралы брифингте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов баяндама жасады.

Макроэкономикалық жағдайларда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің міндеті банк секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету, салымшылардың мүдделерін қорғау және қазақстандық банктерге қайталама санкциялар салу тәуекелдерін барынша азайту болды. Спикердің айтуынша, Ресейдің еншілес банктерінің жұмысы тұрақтандырылды, санкциялардың сақталуы мәселесі бойынша ресми түсініктемелер берілді.

«Альфа банк» пен «Сбербанк» бойынша тиісті лицензиялар алынды. Кейіннен бұл банктерді қазақстандық инвесторлар Центркредит банкі және «Бәйтерек» холдингі сатып алып, олар SDN санкциялық тізімінен шығарылды. Осындай сын-қатерлерге қарамастан, банк секторы табысты жұмыс істеп, жаңа жағдайға бейімделді», - деді О. Қизатов.

Агенттіктің мәлімдеуінше, 2022 жылы банк секторының активтері 18,4%-ға, оның ішінде клиенттер салымдарының 21,5%-ға ұлғаюы есебінен өсті. Сонымен қатар банктердің несие портфелі бір жылда 20%-ға өскен.

«Несие портфеліндегі проблемалық қарыздардың үлесі төмен болып қалуда. Жалпы, жүйе бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті 18,5% құрайды. Тәуекелдердің шиеленісуіне қарамастан, Қазақстанның банк секторы 2022 жылы орнықтылығын көрсеткенін де атап өткен жөн», - деді агенттік төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар Қазақстанның банк секторының елдік және салалық тәуекелдерінің бағасы BICRA (Banking Industry Country Risk Assessment) рейтингі бойынша 9-дан 8-ге дейін жақсартылды. Ал өз қызметін негізінен Қазақстанда жүзеге асыратын рейтингте банктердің базалық деңгейі «В+»-тен «В-»-ке дейін көтерілді.