11.04.2023 _ 14:05

Алтай Көлгінов Алматыда студенттер жатақханаларын салу мәселелерін талқылады

Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов ЖОО ректорларымен және инвесторлармен студенттер жатақханаларын салу мәселесі жөнінде кездесу өткізіп, «Ғылым ордасы» ғылым академиясына, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығының құрылыс алаңына барды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Алматыда 35 ЖОО орналасқан, онда 188 мыңнан астам студент білім алады, оның 120 мыңнан астамы басқа қалалардан келген. Осыған байланысты жатақханаларда орын тапшылығы өзекті мәселе болып отыр. Республикада төсек-орын тапшылығы – 70 мың, оның жартысына жуығы – 30 мыңнан астамы – Алматы қаласында.

Бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін Алматыда елімізде алғаш рет Жобалық кеңсе ашылды, оның міндеті – барлық қатысушылардың – инвесторлар, университеттер, әкімдік, «Қаржы орталығы» АҚ-тың тиімді серіктестігі үшін жағдай жасау. Бүгінгі таңда «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Жобалық кеңсеге 70-тен астам инвестор өтініш білдірген. Бұл жұмыс Президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр, субсидиялау тетігі әзірленіп, жер телімін алу рәсімдері жеңілдетілді.

ЖОО ректорлары мен жатақхана салуға ат салысып жатқан кәсіпкерлердің қатысуымен өткен кеңесте проблемалық мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, төсек-орындары аз жатақханаларды субсидиялауды қолға алу, ғимараттарды жатақханаға айналдыру кезінде мемлекеттік қолдау көлемін 92-ден 230 АЕК-ке дейін арттыру ұсынылды.

А. Көлгінов тапшылық мәселесі бюджет қаражаты есебінен ғана емес, сондай-ақ инвесторларды тарту арқылы шешілетінін атап өтті. Сондықтан жаңа жатақханалар салуға, бар жатақханаларды реконструкциялауға және ғимараттарды студенттер жатақханасына айналдыруға ниет білдірген инвесторларға барынша көмек көрсету қажет. Сонымен қатар вице-премьер әрбір жоба бойынша жол картасын әзірлеуді, Жобалық кеңсенің жұмысына сәулет және құрылыс саласы мамандарын тартуды тапсырды.

«Республикада студенттер жатақханаларының тапшылығы жыл сайын артып келеді. Егер бұл мәселе уақытылы шешілмесе, ол тек ушыға түспек.. Жоғары оқу орындарының ректорлары студенттерге жағдай жасауға мүдделі болуға тиіс, ал Үкімет тарапынан инвесторларға жан-жақты көмек көрсетіледі. Алматыдағы Жобалық кеңсе басқа өңірлерге үлгі болуға тиіс», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Сонымен қатар А. Көлгінов «Ғылым ордасы» ғылыми нысандар кешеніне барды. Ондағы Ұлттық ғылым академиясы, ғылыми-зерттеу институттары, Ғылыми архив және т.б. нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Жақын арада аталған жұмыстар жүргізілетін болады.

Кәсіпорынның негізгі құрылымдық бөлімшесі – 6 млн кітап сақталған Орталық ғылыми кітапхана. Көшірмелері жоқ материалдарды сақтау үшін Сирек кездесетін кітаптарды, қолжазбалар мен архив материалдарын қалпына келтіру және сақтау орталығы құрылды, ол бірегей құралдармен жабдықталған.

Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барды, онда да жатақхана мәселесі бар. Мәскеу инженерлік-физикалық институтымен бірге университет базасында 100 жоба іске асырылуда, оларды коммерцияландыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Covid-19 пандемиясы жан-жақты медициналық көмек көрсетуге және төтенше жағдайларға дайын болудың маңызын көрсетті, осы орайда Премьер-Министрдің орынбасары салынып жатқан Республикалық жұқпалы аурулар ғылыми орталығының ғимаратына барды. 350 төсек-орны бар аурухана өзекті стандарттарға сәйкес жабдықталады. Соңында Орталықтың құрылысын белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.