ҚР әділет министрі Азамат Есқараев жобаны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтің «цифрлық» бастамалары аясында (сондай-ақ Digital Justice жобалар портфелі шеңберінде) Әділет, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері Республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп іске қосқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сайлауалды бағдарламасында Е-gov мобильді қосымшасының базасында мемлекеттің халықпен және бизнеспен өзара іс-қимылы үшін тиісті цифрлық инфрақұрылым құру қажеттігі туралы айтқан болатын. Бүгінгі “Цифрлық нотариат” жобасы – осы бағыттағы жұмыстардың бірі. Біз алдағы уақытта да мемлекеттік органдармен бірлесіп, қазақстандықтардың өмірін жеңілдету бойынша пайдалы жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз», — деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Цифрлық сенімхатты алу үшін:
1. eGov Mobile қосымшасына кіру;
2. өтінішті толтырып, оған ЭЦҚ арқылы қол қою;
3. мәліметтерді растау үшін қосымшадан нотариусқа бейнебайланыс арқылы қоңырау шалу;
4. белгіленген тариф бойынша нотариус қызметін төлеу;
5. «Цифрлық құжаттар» бөлімінде цифрлық сенімхатты алу керек.
Бұл қызметті өтініш берілген сәтте бос кез келген нотариус көрсете алады. Цифрлық сенімхатты барлық мемлекеттік органда немесе талап етілген ұйымдарда қағаз құжат сияқты ұсынуға болады.
Ал қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында eGov Mobile қосымшасына кіру кезінде де, өтінімге қол қою кезінде де пайдаланушының биометриялық деректерін қолдана отырып, ЭЦҚ пайдаланылады.