12.04.2023 _ 14:10

Е-үкімет порталын алдағы уақытта әлемдегі үздік жиырмалыққа енгізу жоспарлануда – ОКҚ брифингі

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов электрондық үкіметтің цифрлық форматта қалай дамып жатқаны туралы айтып берді.

Спикердің айтуынша, кеше ғана іске қосылған «Цифрлық нотариат» жобасы азаматтарға eGov Mobile қосымшасы арқылы онлайн режимде цифрлық сенімхат алуға мүмкіндік береді. Бұл оқиғаның е-үкіметтің іске қосылған күнімен тұспа-тұс келгені қуантады, деп атап өтті ол.

«Бүгінгі таңда электрондық үкіметте 627 қызмет пен сервис түрі бар, мемлекеттік қызметтердің 92%-ы автоматтандырылған. Сіз үйден шықпай-ақ eGov Mobile мобильді қосымшасын пайдалана аласыз, заңды күші бар төлқұжатты, жеке куәлікті және т.б., цифрлық құжаттарды алуыңызға болады. Осылайша, адам өзіне ыңғайлы форматта екі-үш рет басу арқылы қажетті сервисті ала алады», - деді вице-министр.

Мұның нәтижелері айқын. БҰҰ рейтингі бойынша Қазақстанның е-үкіметінің порталы 28-ші орында. Ал онлайн қызметтер бойынша әлемде 8-орында тұр.

Алдағы уақытта үздік жиырма елдің қатарына кіру жоспарлануда. Азаматтар үшін 100% мемлекеттік қызметтерді сапалы және жедел алуда барлық жағдайды жақсарту жоспарда бар, деп түйіндеді спикер.