15.04.2023 _ 08:19

Мәдениет министрлігі: 2023 жылдың басынан 91 нысан еQONAQ жүйесіне қосылды

Осы жылдың басынан 91 нысан eQonaq туристерді есепке алу жүйесіне қосылды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі.
Мәдениет министрлігі: 2023 жылдың басынан 91 нысан еQONAQ жүйесіне қосылды

Атап айтқанда, 1 қаңтардан бастап жүйеге 45 пәтер мен апартамент, 23 қонақ үй және 12 қонақтарға жалға берілетін үй қосылды. Сондай-ақ, eQonaq жүйесіне 7 жатақхана, 2 сауықтыру орталығы, 1 кемпинг және 1 туристік база кірді.

«eQonaq жүйесі бірден бірнеше маңызды функцияларды орындайды. Мысалы, Қазақстанға келетін қонақтар ағынын бақылау және талдау, орналастыру орындарының тізілімін құру және т.б. Басты мақсат - туристерге көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен сапасын арттыру. Жүйеге көптеген нысандар қосылып жатыр. Сондықтан біз алға қойған міндеттерге біртіндеп жақындап келе жатырмыз деп айтуға болады», — деді ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.

eQonaq жүйесі 2020 жылдың соңында іске қосылған. Осы уақыт ішінде оған 2446 заңды тұлға, оның ішінде 734 қонақ үй тіркелді.