17.04.2023 _ 16:18

Жаңа сауда-логистикалық орталықтарды құру және сейсмикалық аудит жүргізу: Үкіметте Алматының даму мәселелері қаралды

Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Алматы және Алматы агломерациясын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Атап айтқанда, орталық мемлекеттік органдардың басшылары 10 наурызда Үкімет басшысының Алматыға жұмыс сапары аясында берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады. Әңгіме отандық тауар өндірушілерді қолдау, «Алтынкөл» теміржол стансасын дамытудың бас жоспарын әзірлеу, бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесін кеңейту және құрылыс саласындағы бақылауды күшейту бойынша қабылданған шаралар туралы болды.

Алматының үлгісімен республиканың барлық өңірлерінде шағын өнеркәсіп парктерін құру бойынша қадамдар әзірленгені жеке атап өтілді. 

Кеңеске қатысушылар оңтүстік астанадағы сауда ағынын оңтайландырып, көлік инфрақұрылымын жеңілдететуге мүмкіндік беретін көтерме тарату және сауда-логистикалық орталықтар желісін дамыту жоспарларын да талқылады. Сонымен қатар Алматы қаласының бас жоспарын және Алматы агломерациясын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеу туралы, сондай-ақ қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлей отырып, ауқымды сейсмоаудит жүргізу туралы баяндама жасалды.

Премьер-Министр ұсынылған тәсілдерді қолдап, жоспарланған жұмыстарды сапалы орындау қажеттігін атап өтті.

«Агломерацияны есепке алатын болсақ, Алматы – халық көп шоғырланған еліміздің ең маңызды өңірлердің бірі. Сондықтан әкімдік пен бизнес тарапынан қойылған түйткілді мәселелерді жүйелі түрде шешуіміз керек. Жұмыс сапарының қорытындысына сәйкес 28 тапсырма берілді, мемлекеттік органдар оларды уақытылы әрі сапалы орындау бойынша жұмысты жалғастыруы тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ кеңесте Алматы қаласының индустриялды аймағын кеңейту, экологиялық мәселелерді шешу, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруға отандық тауар өндірушілерді тарту, 100 жаңа ірі қосымша білім беру нысанын салу, ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша және басқа да бірқатар мәселелер қаралды.