Ведомствоның хабарлауынша, жалпы, Қостанай қаласының экомониторинг нәтижелері бойынша атмосфералық ауаның ластануы жоғары деңгейімен сипатталады. Облыста ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі 2022 жылы 83,3 мың тоннаны құрады, бұл алдыңғы кезеңнен 10%-ға төмен. Бұл көрсеткішке табиғатты қорғау іс-шараларын жүзеге асыру арқылы қол жеткізілді.
Қостанай облысының экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі Кешенді жол картасында 29 іс-шара қарастырылған. Оның ішінде 10-ы орындалды.
2022 жылдың кезеңінде Қамысты ауданы Алтынсарин ауылында газ тарту желілерінің құрылысы, Тобыл өзенінің арнасын тазарту, қалдық қоймасы бөгетінің беткейлерін техникалық рекультивациялау жұмыстары аяқталды.
Бірқатар іс-шаралар орындалуда, олар бойынша іске асыру мерзімі 2023-2025 жылдар.
Қалдықтарды басқару саласында негізгі проблемалар қалдықтарды басқарудың нашар дамыған инфрақұрылымы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының нормаларға сәйкес келмеуі, рұқсат етілмеген полигондардың көп болуы және кәріз-тазарту құрылыстарының қатты тозуы немесе олардың болмауы болып табылады.
Мәселен, Қостанай облысында 2022 жылдың қорытындысы бойынша қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 18,2% құрады, бұл 2021 жылдың деңгейінен 0,5%-ға (17,7%) жоғары, бірақ орташа республикалық деңгейден (24%) төмен.
Космомониторинг аясында биыл өңірде 358 полигон анықталды, оның тек 94% (336 полигон) жойылды.
Тағы бір маңызды мәселе ол – тазарту қондырғыларының жағдайы. Бүгінде Лисаков, Рудный, Жітіқара, Арқалық қалаларында кәріз-тазарту құрылыстары тозған және күрделі жөндеуді немесе толық ауыстыруды талап етеді. Ал Қостанай қаласы, еліміздегі биологиялық тазарту станциясы жоқ жалғыз облыс орталығы.
Анықтама: Қостанай облысы әкімдігінің «Қостанай-Су» МКК кәріз тазарту құрылыстары кезектесіп жұмыс істейтін бөгеттермен қоршалған үш параллель картадан тұратын жер тұндырғыштары түрінде ұсынылған. Пайдалану мерзімі 1966 жылдан басталады.
Орман шаруашылығы саласында Президенттің бастамасы бойынша 2 млрд ағаш отырғызу бойынша 2022 жылы Қостанай облысында 2 724,4 га алаңға 16,4 млн ағаш отырғызылды. Ағымдағы жылы жоспар 7 023,5 га алаңға 40,4 млн ағашты құрайды.
2,0 млрд ағашқа цифрлық мониторингті қамтамасыз ету мақсатында интерактивті карта және OrmanMap қосымшасы құрылды.